2025 жылдың 7 сәуірінен бастап көлік иелері үшін сақтандыру құны бірнеше есеге артты. «AMANAT» партиясының Фракция мүшелері өзгерісті заңға да, әділдікке де сай емес деп бағалап отыр.
Қазақстанда автокөлік жүргізушілері үшін азаматтық-құқықтық жауапкершілікті міндетті сақтандыру жүйесіне енгізілген жаңа ережелер қоғамда үлкен резонанс тудырып отыр. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің 2024 жылғы 27 желтоқсанда қабылдаған №87 қаулысы бойынша, сақтандыру тарифтері айтарлықтай қымбаттады.
Тариф үш есеге дейін өскен
2023 жылмен салыстырғандаалғашқы сақтандыру тарифі өңірлерде екі есеге өсіп, шамамен 78 мың теңгені құраса, ал Астанада бұл баға үш есеге өсіп, 112 000 теңгеге жетті. Яғни жаңадан
көлігін тіркеген жүргізуші астаналық азамат енді 36 мың емес, 112 мың теңге
төлесе, алматылықтар кемі 78 мың теңге, ал өзге өңір тұрғындары 40 мың
теңгеге жуық сомаға сақтандыру полисін сатып алады.
«Бұл реформа тиімділікті емес, тек шығынды арттырды. Қарапайым халыққа ауыр соққы болды», – дейді автокөлік иесі Ерлан Қалиахмет.
Қазақстандыққа – көп, шетелдікке – жеңілдік
Қаулыда көзделген тағы бір норма – сақтандыру коэффициенті бойынша қазақстандықтар мен шетелдіктерге әртүрлі талап қойылуы. Мысалы, Қазақстан азаматтарына 1.8 коэффициенті (А класы) қолданылады, ал шетелдікке 0.5–0.52 коэффициенті (13-класс) беріледі.
Бұл жағдайда отандық жүргізуші 80 000–112 000 теңге, ал шетелдік 40 000 теңге шамасында ғана төлейді. Сарапшылар бұл жағдайды Конституцияның 12-бабындағы «заң алдындағы теңдік» принципіне қайшы деп бағалап отыр.
Өңірлік дискриминация қаупі
Қаулының 11-тармағы бойынша, көлік тіркелген өңірден тыс жерде болған жол-көлік оқиғасы үшін жүргізушінің бонус-малус класы төмендетіледі. Бұл — азаматтардың республикалық аумақта еркін жүру құқығын (Конституция, 21-бап) шектеуі мүмкін.
Курьер мен жас жүргізуші де зардап шегеді
Скутер, мотоцикл және мопед жүргізушілері де жаңа ережелерге сай автокөлік иелерімен бір санатқа енгізілген. Бұрын 7 000 теңге төлем жасаған скутер иесі енді 50 000 теңгеге дейін төлейтін болады.
Бұл – әсіресе жастар мен курьер қызметін атқаратын азаматтар үшін үлкен қиындық. «Сақтандырудың бағасы көліктің өз бағасымен теңесіп кетті. Бұл бізге ауыр тиді», – дейді курьер болып жұмыс істейтін студент Мадина Нұрманова.
Қорытынды
Жаңа сақтандыру қаулысы еліміздегі 6 миллионнан астам көлік иесіне тікелей әсер етіп отыр. Құқық қорғаушылар мен көлік жүргізушілері бұл қаулыны қайта қарап, азаматтардың пікірін ескере отырып әділ шешім шығаруды талап етуде.