Қазақстанда екінші атом электр станциясының (АЭС) құрылысы қолға алынбақ. Жаңа жобаның консорциумын Қытайлық CNNC (China National Nuclear Corporation) басқаратын болады. Бұл туралы Атом энергетикасы агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді.
📌 Неліктен Қытай?
Агенттік басшысы атап өткендей, шорт-листке енген барлық қатысушылардың өзіндік артықшылықтары мен бірегей технологиялары бар. Алайда, техникалық, қаржылық және өндірістік мүмкіндіктер тұрғысынан Ресей мен Қытай ұсынған жобалар озық деп танылды.
«Қытай технологияларын Қазақстанда тағы бір АЭС салу үшін пайдаланғымыз келеді. Бұл – біздің келесі стратегиялық қадамымыз», – деді Сәтқалиев.
🏗 CNNC – толық ядролық циклді игерген алпауыт
Қытай:
- Ядролық отын өндіру,
- Реактор жобалау,
- Құрылысты іске асыру,
- Қауіпсіздік жүйелері мен техникалық қызмет көрсету сияқты ядролық циклдің барлық кезеңін өз күшімен жүзеге асыра алады.
«Әлемде мұндай технологиялық тұтастыққа ие елдер көп емес. Қытай – соның бірі», – деп нақтылады агенттік басшысы.
🤝 Жоғары деңгейдегі келіссөздер жүргізіліп жатыр
- Қытаймен атом саласында жеке мемлекетаралық келісімге қол қою жоспарланып отыр.
- Жобаны жүзеге асыру үшін тиімді консорциум құру міндеті де агенттікке жүктелген.
«Біз Қытайдың тәжірибесін қабылдауға дайынбыз. Олар құрылысты тез әрі сапалы жүргізе алады. Қазіргі таңда нақты техникалық келіссөздер басталып кетті», – деді Сәтқалиев.