Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі халықаралық сарапшылардың қатысуымен еліміздегі алғашқы атом электр станциясын (АЭС) салуға арналған консорциум көшбасшысын айқындау жұмысын аяқтады.
Ашық және бәсекеге қабілетті диалог аясында реакторлық технологиялардың жетекші әлемдік өндірушілерімен келіссөздер жүргізіліп, олардың өндірістік нысандарына сапарлар ұйымдастырылды.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде әлеуетті жеткізушілердің «қысқа тізіміне» келесі компаниялар енді.
Олар: «Росатом» (Ресей), «China National Nuclear Corporation» (Қытай), «Électricité de France» (Франция) және «Korea Hydro & Nuclear Power» (Оңтүстік Корея).
✔️Тізімге енген компаниялар Қазақстанда АЭС салу бойынша техникалық және коммерциялық ұсыныстардан тұратын материалдардың кешенді пакетін ұсынды. Бұл материалдарда келесі мәліметтер қамтылды:
🔵құрылыстың болжамды құны;
🔵жобаны іске асыру мерзімдері;
🔵қаржыландыру тарту модельдері;
🔵жабдықтар мен құрылыс жұмыстарын жергіліктендіру тәсілдері;
🔵кадр даярлау мен ғылыми-білім беру әлеуетін дамыту бойынша ұсыныстар;
🔵ядролық отын цикліндегі ықпалдастық мүмкіндіктері;
🔵әлеуметтік міндеттемелер мәселелері.
Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі, «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС және француздық Assystem инженерлік компаниясы бірлесіп әзірлеген әдістеме негізінде ұсынылған реакторлық технологиялар мен басқа да ұсыныстарға кешенді бағалау жүргізілді.
Осы талдаудың нәтижелері атом саласын дамыту мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның қарауына ұсынылды және Қазақстанда АЭС салу бойынша ең оңтайлы әрі тиімді ұсыныстар ресейлік «Росатом» компаниясынан келгені анықталды.
📌Осылайша, «Росатом» компаниясы Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясын салу жобасы бойынша халықаралық консорциумның көшбасшысы ретінде анықталды.
Қазіргі уақытта «Росатом» ұсынған ұсыныстар негізінде Ресей Федерациясы тарапынан мемлекеттік экспорттық қаржыландыру тарту мәселесі пысықталуда.